«Жайдарлы Жас Ұлан»
Көңілді тапқыштар клубы қозғалысы қазіргі кезде еліміздегі әр мектептерде құрылып, елімізде кеңінен танылып келеді. Аталмыш бағдарламаның көгілдір экран алдындағы көрермені де көп екені жасырын емес. Бірақ, әзілкеш жастарды тәрбиелеу мемлекет дамуына айтарлықтай үлес қосады дегенге сенімсіздікпен қарайтындар да бар. Алайда, жасөспірімдер арасындағы әзіл ойындарды сапалы деңгейге көтеру кезек күттірмес мәселе екені рас. Елбасы Н.Ә.Назарбаев интеллектуалды жастардың қалыптасуын басты назарда ұстауға тапсырма берген болатын.
Осы орайда, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігі бірлесіп, Көңілді тапқырлар клубының жаңашаланған түрін құруды қолға алды. Клуб интеллектуалды және шығармашылық бағыттағы жасөспірімдердің дәрежесін көтермек.
«Жайдарлы Жас Ұлан» жобасының мақсаты – өскелең ұрпақты жоғары рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, жасөспірімдердің шығармашылық және интеллектуалдық деңгейін көтеру болып табылады.
Жасөспірімдерге қатысты бұл шараның ережесін бекітіліп, ойын тәртібі жетілдіріліп, еліміздегі барлық орта білім беретін оқу мекемелеріндегі оқушылар тартылуда.
Республикалық «Жайдарлы Жас Ұлан» зияткерлік ойынының жобасының барысында, жайдарман ойынына қатысушы оқушыларға арналған арнайы семинар-треннинг 2013 жылдың 27 қазан күні сағат 15.00-де Астана қаласы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтеді.
Семинардың мақсаты: патриотизм рухында, рухани-адамгершілік құндылықтар негізінде жастарды тәрбиелеу, жасөспірімдердің шығармашылық және зияткерлік деңгейін арттыру, мемлекеттік жастар саясатын мемлекеттік тілді насихаттау болып табылады.
Жобаның шымылдығы 2013 жылдың 29 қазан күні сағат 17.00-де Астана қаласы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің концерттік залында ашылмақ. Бұл шараға облыстық, аудандық зияткерлік ойынының жеңімпаздары қатысады.
Пікірлер