Жаңалықтар

Астанада қалалық Ұланбасы сайлауы өтті

28.09.2018, 17:58 | Пікір: 0

 

         2018 жылғы 28 қыркүйек күні сағат 9.00-13.00 аралығында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының әдістемелік қолдауымен, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалы мен Астана қаласы әкімдігінің «Оқушылар сарайы» МКҚК-ның ұйымдастыруымен «Қала Ұланбасын сайлау» шарасы өтті. Бұл шараның басты мақсаты Астана қаласы Білім басқармасына қарасты білім беру мекемелерінен ашық сайлау жүргізу арқылы ең үздік қала Көшбасшыларын анықтап, қалалық өзін-өзі басқару Кеңесінің құрамына тағайындау.

         Астана қаласының мемлекеттік білім беру мекемелерінен сайлаушылар тізіміне енген 520 оқушы кандидат ретінде тіркелген 5 үміткерге өз дауыстарын берді. Қала Ұланбасылығына кандидаттар қатарында №65 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Абдимурат Марал, №64 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Бекен Алем, №66 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Кемеңгер Қуатбек, №4 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Сейілханова Аяжан, №48 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Шералы Ақерке болды. Сайлаудың әділ өтуін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясынан арнайы бекітілген байқаушылар, Астана қаласы Білім басқармасының өкілдері және «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері дауыс беру үдерісін қадағалады. «Қала Ұланбасын сайлауда» дауыс беру төмендегідей. 452 сайлаушы «Қала Ұланбасын сайлауға» қатысып, пайдаланылмаған 68 бюллетень жойылды, 4 бюллетень жарамсыз деп танылды. 34 дауысты Сейілханова Аяжан, 36 дауысты Шералы Ақерке, 63 дауысты Кемеңгер Қуатбек, 150 дауысты Абдимурат Марал иеленсе, сайлаушыларының 164 дауысын иеленген №64 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Бекен Алем «Қала Ұланбасы» болып сайланды.

         «Қала Ұланбасы» - Республикалық "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының Астана қаласы бойынша көшбасшысы, оқушылардың өзін-өзі басқару органының жетекшісі болып есептеледі, мектептер оқушыларының қоғамдық қызметін басқарады, мектеп әкімшілігі мен оқушылардың арасындағы байланысты үйлестіреді, мектеп қызметін жақсарту мақсатында өзінің және оқушылардың атынан ұсыныстар енгізеді, оқушылар мен мұғалімдер арасында туындаған мәселелерді шешуге атсалысады, түрлі әлеуметтік жобалар мен шараларды ұйымдастыруды ұсынады және жүзеге асырады.

         Қала Ұланбасының басшылығымен ағымдағы жылдың қазан айында «Жас Ұлан» оқушылардың қалалық өзін-өзі басқару Кеңесі құрылады. Бұл Кеңес Астана қаласы әкімдігінің «Оқушылар сарайы» МКҚК-мен жоспарға сәйкес оқу жылы бойы жұмыс жүргізетін болады.

Пікірлер

Предыдущие 6 комментариев
Чтобы оставлять комментарии, Вам необходимо зарегистрироваться или авторизоваться на портале.