«Батырларға өнеге» атты мәнерлеп оқу сайысы
Бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен жаудан елімізді қорғап, бізге аманат еткен кең байтақ жеріміз бар. Қазіргі таңда жастарымыз жаужүрек бабаларымызды мақтан етіп қана қоймай, көптеген ісшараларға белсенді қатысып, қазақ тарихын көкейлерінде тереңдете түсуде. Солардың бірі ағымдағы жылдың сәуір айының 24 жұлдызында №2 Қосшы мектебінде Қоғамдық қор - «Алдаспан» батырлар қоры «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры және «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының қолдауымен «Батырларға өнеге» атты мәнерлеп оқу және көрініс сайысын өткізді.
Сайыста 4-7 сынып аралығындағы оқушылар Алпамыс батырдың жырын мәнерлеп оқып, тебіренте түсті. 10-11 сынып оқушылары алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ханның ерлігі мен ақыл-парасаты әсіресе көрінген, халық тағдыры шешілген үзінділерден көріністерін паш етті. Өткен заманда ата бабаларымыздың көрген қорлықтарын суреттеп, жан түршігерлік оқиғаларды аша түсті. Өз кезегінде оқушыларымызды әділ бағалап сынға алған әділ-қазыларымыздың ішінде елге белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазин, Мемлекет тарихы институтының ғалымы Жабай Нұрмақұлы, Астана қаласының «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының атқарушы хатшысы Құдайбергенова Шұғыла, «Алдаспан» батырлар қорының президенті Абзулдаева Күлән болды. «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры, «Алтын қыран» Халықаралық қайырымдылық қоры мен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы жеңімпаздарға өз тараптарынан бағалы сыйлықтар мен диплом және сертификаттар тарту етті. Астана қаласының № 17, № 64, № 66, № 48, № 65 мектептерінен ең үздік жыршы оқушылары мектепаралық тәжірибе алмасып, өз өнерлерін де көрсетіп қалыспады. Сайысқа қатысушылардың барлығы марапатталып, көрермендерге ән шашу ұсынылды.
«Батырларға өнеге» атты мәнерлеп оқу сайысы мамыр айында Астана қаласында жалғасын таппақ. Сайысқа Астана қаласының барлық мектептері қатысып, өз өнерлерін көрсете алады.
Пікірлер