«Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласы жарыққа шықты. Тұңғыш Президент бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырды.
«Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал», - деп Елбасы орынды айтты. Басымызға түскен қиын шақта бойымыздағы үрейді жеңе біліп, барлық күшті пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн.
Сонымен қатар, Елбасы ұлы Абай атамыздың «Кімге достығың болса, достық достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа алып, әлемнің барлық мемлекетімен арадағы келісім мен достыққа, өзара сенім мен ықпалдастыққа негізделген саясат ұстанды. Қазіргі еліміздің басындағы қиын сәтте бұл саясаттың маңызы арта түсті. Себебі короновирус инфекциясын жеңуде бізге басқа мемлекеттердің білімі мен тәжірибесі керек. Бұл дертпен әлем болып күресу қажет.
Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген сөзін естен шығармай, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық. Үйден шықпайық - бұл маңызды ережелердің бірі.
«Жаңа өскін – жас ұрпаққа айтарым: тәуелсіздік жылдары дүниеге келген сендер келер жылы орда бұзар отызға толасыңдар. Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар. Үлкенге – ізетті, кішіге – қамқор, бір-біріңе дос болыңдар. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген Абай аталарыңның өсиетін ешқашан естен шығармаңдар», - деп Нұрсұлтан Назарбаев атап өтті.
«Жас Ұлан» ұйымы жас ұрпақпен тығыз байланыста болғандықтан Елбасының жоғарыда атап өткендері біз үшін маңызды. Біздің ұйым арқылы балалар өздеріне дос табуды, қамқор болуды үйренеді. Нағыз патриот, еңбекқор, саналы ұрпақ тәрбиелеу біздің басты міндет.
«Біз біргеміз. Қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден айрылмайық. Сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз», - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Құрметті жастар, балалар, Елбасының мақаласын мұқият оқып шығыңыздар. Сіздерге пайдалы, әрі танымды болады деп сеніммен айта аламыз. «Мәңгілік елдің» басты күш-қуаты сіздер, соны ұмытпаңыздар!
#Bizbirgemiz, бәрін жеңеміз!
Пікірлер