Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік шара өтті
Балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, мүмкіндіктері шектеулі балаларға қоғамның назарын аудару, балалардың шығармашылық дамуына қолдау көрсету мақсатында Орал қалалық саябағында 1 маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Біз сенің балаларыңбыз, Қазақстан, біз жаңа әлемде өмір сүреміз» мерекелік шара өткізілді. Шараға облыс әкімі Н. Ноғаев және облыс әкімінің орынбасары Б. Макен қатысып, балаларға бақытты балалық шақ тіледі.
Қалалық жалпы білім беру мекемелерінің, облыстық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернаты, облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп интернаты және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларға арналған №15 көмекші мектеп интернаты, балалар үйі, балалар ауылының тәрбиеленушілері бас қосып, ән айтып, би биледі.
Облыстық мектеп интернаты, балалар үйі, балалар ауылының оқушылары 15 метр матаға қолдарының суретін жапсырып және оған шарлар байлап аспанға ұшырды. «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының көшбасшылары флеш-моб биін көрермендерге ұсынып, балаларды бір қуантты. Шара мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Жанна ГАБДУАЛИЕВА
Облыстық «Өркен» ҚББО-ның тілшісі
Пікірлер