ҚР Президенті Жолдауына қатысты пікірлер
«Мен 21-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін». Н.Назарбаев.
Желтоқсанның он төртінші жұлдызында, елінің ертеңіне елеңдеген жұрт теледидар алдында ұйылып, ұлт көшбасшысының жолдауын мұқият тыңдады. Көппен бірге біз де таныстық биылғы үндеумен... Алдыңғы жолдауларға қарағанда ерекше екендігі сөзсіз. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты жолдауында Елбасымыз «Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз» дей келе, Қазақстан халқының тәуелсіздік жылдары аясында жеткен жетістіктерін саралап, оның ішінде «Қазақстан – 2030» стратегиясының қорытындысын, нәтижелерін жіктеп берді. Елімізде орнап тұрған қоғамдық тұрақтылық пен келісімнің, сонымен қатар жаһандық қауіпсіздік үшін күрестегі белсенді рөліміздің арқасында, халықаралық аренада таңылғанымызды баса айтып, қазақ елінің мерейін бір өсірді. Аталмыш жолдау бағдарламасындағы жаңа саяси бағыт жаһандық он сын-қатерге төтеп беретін иммунитетті қалыптастыру үшін қажетті екендігін; жеткен жетістіктерге мәз болып тоқтап қалмай, ілгері қадам басу керек екендігін айтты. «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс» деп, мақсат қойды. Осы мақсатқа жету үшін, сонымен қатар Үшінші өндірістік революциядан аман-есен өту үшін, біздерге, яғни, біліммен қаруланған жалынды жастарға, үлкен жауапкершілік, сенім артылатындығын ұмытпауымыз керек.
Білімді жастар демекші, Елбасымыз «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деп, әдеттегідей білім-ғылым саласына ерекше тоқталып өтті. Сондағы ерекше тоқталып кететін бір жайт – жастардың өндірістік тәжірибеден өтуі. Жаңа бағдарлама бойынша, ЖОО-ның екінші курс студенттерінің өндірістік тәжірибеден міндетті түрде өтуі заңдастырылмақ. Бұл студент жастарға жұмысқа орналасуда септігін тигізері сөзсіз. Бір жағынан өз саласының майталмандарын дайындауда игі бастама бұл. Сұранысы жоқ пәндерді алып тастау да, ертеден келе жатқан мәселе. Қазіргі заманға сай жаңа, қажетті пәндерді қосу, сонымен қатар, білім беру курстарын құру жайлы шешімді жастардың қолдайтынына күмән жоқ..
Расымен, жастар ешқашан назардан тыс қалған емес.. Себебі, жастар – ел қаруы. Білімді ұрпақтың елің биікке жетелейтіндігі сөзсіз. Сол себепті біздің уайымсыз бала шағымыз, жарқын болашағымыз үшін барлық жағдайлар жасалуда. Бүгінгі жолдауға жастар жағының риза болғанына сенімім мол...
Елбасы «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деп, бізге сенім артып отыр. Ендеше, сол сенімді ақтайық. Аула таңдамайын жаһандану кезінде ұлтымыздың жұтылып кетпей, керісінше, сол желмен бірге ілгері жүріп, халықаралық арена төрінен орын алуында өзіміздің үлесімізді қосайық. Бүгінгі жолдау бағдарламасындағы тапсырмалардың орындалуына бір атаның баласындай жұмылып, атсалысайық, ағайын!
Пікірлер
Елімнің тағдыры – менің тағдырым
Армысыздар еңсесі биік, тұтқасы берік еліміздің жалынды жастары, құрметті аға буын өкілдері!
Дүниеде тауелсіздікті, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да, халық та жоқ.
Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған, дүниені дүр сілкіндірген оқиғалармен келген, тарихымызда алтын әріптермен жазылып қалған Тәуелсіздігіміздің арқасында біз бүгінгідей форумда кездесіп отырмыз.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20-жылдығы қарсаңында 2011 жылы 6-шілдеде Бірыңғай “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылды. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің құттықтау сөзінде: -“ “Жас Ұлан” бүкіл Қазақстанға таралып, балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеуге, оқудың және тәртіптің үлгісін көрсетуге, Қазақстанның Тәуелсіздігін нығайтуға, Еліміз үшін қызмет етуге, патриот болуға бәріңізді баулитын болсын”- деді. Енді бала тәрбиесінің жаңа сатысы, бірегей үлгісі, бірыңғай жобасы қолға алынды. Біздің Қазалы ауданында да “Жас Ұлан” ұйымы өз жұмысын қызу бастап кетті. Қазіргі таңда аудан бойынша 6119 “Жас Ұлан” мүшесі тұрақты, сапалы түрде жұмыс жасап жатыр. 1-ші мамыр Ұлттар достастығы мерекесіне орай “Жас Ұлан”-дықтар 1300- ге көбеймекші, бұл көңіл қуантарлық жағдай.
“Жас Ұлан” ұйымының мүшелері ел ертеңі, халық қамы үшін аянбай еңбек етуді өздеріне мақсат тұтқан. “Жас Ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымында көзқарастары бірдей балалар бірлесіп, пайдалы істермен айналысады. Олар туған еліміздің көркеюі мен құндылықтары сақталу жолында пайдалы іс атқарып, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық жасауда ерекше белсенділік танытады.
“Жас Ұлан” – ұлтжанды, отансүйгіш. “Жас Ұлан” – рухани сезім мен патриоттық жігерге, мызғымас достыққа бай. “Жас Ұлан” ұйымының жалынды істері – жарқын болашақ баспалдағы. Ұйымның игілікті істері соның айғағы.
Қазалы аудандық “Жас Ұлан” ұйымында өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында “Ағаш ек, гүл ек, табиғатты түлет!”, “Менің қалам - таза қала”, “Өркен” атты экологиялық акциялар ұйымдастырылып келеді.
Қымбатты форумға қатысушылар!
Қазалы аудандық “Жас Ұлан” ұйымының көшбасшысы ретінде мен сіздерді ауданымыздың “Жас Ұлан” ұйымының мүшелері, сүйікті Отанымыздың өсіп өркендеуіне, көркейіп гүлденуіне ат салысып, үлес қосады деп сендіремін!
Біздің жеткен жетістіктерімізді, жасаған жақсылықтармызды көріп өскелең ұрпақ бізден үлгі алады, аға ұрпақ қуанады!
Тәуелсіздік жылдарында біздің еліміздің жеткен жетістіктері, толағай табыстары аз емес. Биылғы жылы ел болып, елбасының салиқалы саясатын қолдап отырып, ЕХРО-2017 көрмесін жеңіп алдық. Бұл толағай табыс. Халықтың жеткен жетістігі. Десек те бұл елімізге жүктелген үлкен міндет. ЕХРО- 2017 көрмесінің жоғары деңгейінде өтуіне өз тарапымыздан біз, “Жас Ұлан” ұйымы, қолдан келер үлесімізді қосамыз.
Парызымыз – Ұлы Отанға адалдық,
Бойымызда бар еркіндік,даналық.
Барша жанға үлгі, өнеге боламыз,
Біз, “Жас Ұлан”, адалдықтан жаралдық!
Ел тағдыры – біздің тағдырымыз!
Тәуелсіздіктің тұғыры биік, халқымыздың еңсесі жоғары, егемендігіміз баянды болсын!
Күртебай Мейрамбек Құрманғазыұлы
Қазалы аудандық “Жас Ұлан” ұйымының көшбасшысы