«Менің отбасым – менің мақтанышым» атты бейнероликтер байқауының жеңімпаздары анықталды
«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар кешені аясында Астана қаласының жас отбасылары арасында «Менің отбасым - менің мақтанышым» атты бейнероликтер байқауын ұйымдастырды.
Байқау «Астана қаласының Қоғамдық даму істері басқармасы» ММ тапсырысы бойынша «Отбасы - бақыт мекені» жобасының аясында іске асырылуда. Аталған іс-шараның мақсаты отбасы құндылықтарының рөлін бекіту менен қолдау, отбасылық қарым-қатынастың дәстүрі менен мәдениетін сақтау, отбасын жақындастыру және нығайту болып табылады.
Ереженің талаптарына сай, байқауға қатысу үшін өз отбасы, отбасылық дәстүрлер мен құндылықтары туралы 3 минуттан аспайтын бейнероликті әлеуметтік желілерде жариялап, өтінімді толтыру қажет болды.
Өтінімдер 2018 жылғы 10 шілдеден 15 қыркүйекке дейін қабылданды. Осы аралықта 40-қа жуық өтінім келіп, оның ішінде тек 33 өтінім ғана байқаудың талаптарына сай деп танылды. Барлық жұмыстар Instagram әлеуметтік желісінде жобаның @astana.otbasy ресми парақшасында жарияланды.
25 қыркүйек сағат 18.00 – де байқаудың қазылар алқасының отырысы өтті. Байқаудың комиссия құрамында «Қазақстан КВН Одағы» РҚБ Президенті, «Тамаша tv» телеканалының директоры Есен Елеукен, журналист, тележүргізуші, ҚР Президентінің жанындағы жастар саясаты Кеңесінің мүшесі Қанат Әуесбай, Республикалық «Бірге өмір сүру» жас отбасылар фестивалінің 2017 жылғы жеңімпазы Шыңғысхан Қожахметов, «Жастар» ғылыми - зерттеу орталығының директор орынбасары Асем Қайдарова, «Социум-зерттеу» стратегиялық орталығы» ҚБ төрайымы Нуркеева Алтынай және т.б. кісілер болды. Комиссия құрамы 8 адамнан құрылды.
Жұмысты бағалау кезінде қазылар алқасы келесі критерийлерді басшылыққа алды:
- бейнероликтың сапасы, шығармашылық ерекшелігі (5 ұ),
- жазбаша сипаттамасы (200 сөзден аспайтын) (5 ұ),
- отбасылық дәстүрлерінің, ерекшеліктерінің, отбасы мүшелерінің жетістіктерінің бейнесі (7 ұ),
- қатысушылардың Астана қаласынан болуы (3 ұ),
- лүпіл мен пікірлер (3 ұ),
- өтінімді Ережеге сай мерзімде жіберу (3 ұ),
- жас ерекшеліктерінің сәйкестігі (2 ұ),
- байқау талаптарының орындалуы (хэштегі, өтінімді дұрыс толтыру және т.б.) (2 ұпай).
Әрбір қазылар алқасы үшін жалпы рұқсат етілген максимум 30 балл болды.
Бағалау қорытындысы бойынша мүмкін болған 240 ұпайдан 225 ұпай жинаған Амановтар отбасы жеңімпаз деп анықталды. Амановтар отбасы 200 000 (екі жүз мың) теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар, қазылар алқасының шешімі бойынша 4 отбасы арнайы сыйлыққа ие болды: Устименко отбасы, Есжан отбасы, Құлатаевтар отбасы және Абишевтер отбасы. Аталған отбасылар байқау ұйымдастырушыларынан диплом, Астананың 20 жылдығына арналған естелік кітап және демеушілерден сыйлықтар («Жәрдем» орталығының тұз үңгіріне бір реттік тегін баруға арналған купон, ADN Photography фото студиясында отбасылық фотосессияға арналған 15% жеңілдік купоны және «Iris wedding» той салонына 20% жеңілдік купон) алды.
Байқаудың қалған барлық қатысушылары (33 отбасы) ұйымдастырушылар атынан алғыс хаттар, Астананың 20 жылдығына арналған естелік кітаптар және демеушілердің сыйлықтарымен марапатталды.
Барлық қатысушылар байқаудың ұйымдастырылуының жоғары деңгейде болғанын, сондай-ақ қазылар алқасының бағасы және жеңімпаздарды іріктеу әділ өткендігін атап өтті.
Салтанатты марапаттау 2018 ж. 20 қазан күні Оқушылар сарайында «Үздік жас отбасы» байқауының аясында өтті.
Пікірлер