Үздік тәлімгер байқауы
Елбасының игі бастамасын қуаттап, болашағы бүгіннен басталған, елжанды, рухы биік, отансүйгіш «Жас Ұлан» ұйымының оқушыларына жаңа бағыт беріп, биік мәдениетке тәрбиелеу үздік тәлімгерлердің үздіксіз ізденуінің нәтижесі. Тәлімгерлердің кәсіби деңгейін көтеру, тәлімгер мамандығының беделін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау, оларды мадақтау, қоғамда тәлімгер мамандығы туралы оң көзқарас қалыптастыруға бағытталған «Үздік тәлімгер» шеберлік байқауы 2012 жылдың 22 қарашасында Жамбыл облысы
«Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен, Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс – шараларды өткізетін облыстық орталықта өткізілді. Байқауға облысымыздың Қордай, Мойынқұм, Шу,Талас, Байзақ, Мерке, Т.Рысқұлов аудандарының шығармащыл тәлімгерлері мен Тараз қаласының талапты тәлімгерлері қатысты. Байқау шарттары бойынша тәлімгерлерге берілген алғашқы тапсырма «Мен тәлімгермін» болған.
Бұл айналымда тәлімгерлер өздерін шебер таныстырып, әртістік шеберліктерін таныту болатын. «Педагогикалық жағдаятты шешу» байқауында тәлімгерлер тосын сұрақтарға іркілмей жауап беріп, қиындықтан жол таба білді. «Тәлімгерлік істегі менің жетістіктерім» байқауында әрбір қатысушы өз жұмысын таныстыруы қажет.
Бұл байқауда тәлімгерлік шеберлік жұмысының қызықты сәттері көрсетіліп, қатысушының тәлімгерлік шеберлік аясындағы жетістіктерін растайтын, алынған дипломдар, куәліктер және алғыс хаттар көрсетілген слайд ұсынылды.
«Залмен ойын өткізу» байқауында тәлімгерлер жан –жақтылық танытып,танымдық сұрақтардан тұратын ойындарымен, көрермендердің көңілін бір серпілтті. «Тәлімгерлік тосынсый» байқауында тәлімгерлер өз өнерлерін аянып қалмады. Бірі өлең оқыса, бірі әсем ән шырқап, мың бұралып би де билеген тәлімгерлер тағы да өздерінің шығармашыл, жан – жақты екендерін дәлелдей түсті. Байқау қорытындысы бойынша Өнерлі, шығармашылық қабілеті жоғары, әртістік шеберлігі орасан, музыкалық және көркемдік сахна мәдениеті жоғары тәлімгерлер арасынан бас жүлде Мерке ауданының тәлімгері Алпамысова Айнұр иеленсе,І орынды Қордай ауданының тәлімгері Ануарбек Мейірім, ІІ орынды Шу ауданының тәлімгерлері Мадатова мен Т.Рысқұлов ауданының тәлімгері Мүсілімова Гүлжайна, ІІІ орынды Жуалы ауданының тәлімгері Кирбасова Мадина мен Байзақ ауданының тәлімгері Бейсеитова Фарида өзара бөлісті. «Талапты тәлімгер» номинациясын Тараз қаласынан Қодарова Мерей, «Жаңашыл тәлімгер» номинациясын Мерке ауданынан Алпамысова Айнұр, «Шығармашыл тұлға» номинациясын Қордай ауданынан Ануарбек Мейірім, «Ұшқыр ойлы тәлімгер» номинациясын Тараз қаласы, Н. Тілендиев атындағы мектеп –интернаты, «Үздік актер» номинациясын Талас ауданынан Бегулиева Ақжарқын, «Үздік ойын» номинациясы бойынша Мойынқұм ауданы Абдимаханова Арайлым иеленді. Байқауға қатысушы тәлімгерлер дипломдармен марапатталды.
Пікірлер