Ата мұрам – асыл қазынам
Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Жас ұлан» ұйымы мүшелерінің арасында балалардың жазғы демалысын көңілді әрі мазмұнды ұйымдастыру үшін, жас ұландықтарды ұлтжанды, патриоттық сезімде тәрбиелеу мақсатында «Ата мұрам-асыл қазынам» спорттық-зияткерлік сайысы ұйымдастырылды.Аталған шара облыстық білім басқармасы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен облыстық «Жас ұлан» ұйымының ұйымдастыруымен аудандарда және Қызылорда қаласында өткізілді. Жергілікті жерлерде ұйымдастырылған бұл сайысқа аудан , қала мектептерінен 74 командада 550 жас ұлан қатысты.Барлық аудандарда ұйымдастырылған бұл шара жазғы демалысын енді бастаған балғындарға үлкен қуаныш сыйлады.Аталған шара барлық аудандарда мектептер арасында ұйымдастырылса,Қармақшы ауданында аулалық клубтар арасында өткізілді.Бұрын республикалық деңгейде ұйымдастырылып жүрген бұл сайысқа Сыр ұландары аса қызығушылықпен қатысты.
Сайыс шарты бойынша жас ұландар жеті нүктеде мемлекеттік рәміздер туралы сұрақтарға, математикалық есептер мен логикалық сұрақтарға жауап беріп, асық атып, түрлі спорттық тапсырмаларды орындау кедергілерінен өтті. Сайыс мәресіне топтың әнін орындап, эстафета түрінде берілген жалаушаны тапсырды.Жарысқа қатысушылар бәріне ортақ бір ережемен сайыс шарттарын орындап шықты.Сайыс қорытындысында Арал ауданында №64 мектептің «Арлан» тобы, Қазалыда № 182 мектептің ұландары, Қармақшыда «Сымбат» аулалық клубының «Сұңқар» тобы, Жаңақорғанда №247 орта мектеп ұландары,Сырдарияда № 210мектептің «Қырандар» тобы ,Шиеліде № 219 орта мектеп жас ұландары, Жалағаш ауданында №232 мектеп ұландары,Қызылорда қаласында №101 мектеп ұландары жеңімпаз атанып кубок иеленді.
Облыс бойынша өткізілген шараға аудандық бұқаралық ақпарат құралдарынан арнайы мамандар, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің мамандары, «Жас отан» жастар қанатының мүшелері қонақ ретінде қатысып, Сыр ұландарының жетістіктеріне қуана қол соғып,толағай тілектерін білдірді.Жазғы демалысты көтеріңкі көңілмен бастаған жас ұландар алдағы уақытта «Ұлттық ойын-ұлы мұрам» асық ойындарының күнінде бас қосатын болады. Аса құнды мәдени игіліктердің бірі саналатын асық ойынына балғындар әлден-ақ дайындалып сақаларын сайлап қойған.
Облыстық «Жас ұлан» ұйымының төрайымы Г.Ақмырзаева
Пікірлер