«Жас Ұлан: әр күні азаматтық белсінділікке толы»
Азаттықтың ақ бесігінде еркін тербеліп өскен бақытты қазақ елінің ұландарында арман жоқ, сірә. Олай дейтінім, бүгінгі күні Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлынан бастап, ел тізгінін ұстаған аға-әпкелеріміз бен барша халық жастарымызға барынша назарын аударып, олардың жарқын келешегі жолында түрлі мүмкіндіктер мен нақты іс-әрекеттерді жүзеге асыруда.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әр жас азаматтың толыққанды дамуына барлық жағдайлар жасалынған. Осындайда қазақтың әйгілі жазушысы Ғабит Мүсіреповтың: «Бүкіл азаматтың келешегі – жас жеткіншектердің қандай идеал негізінде тәрбиеленіп, қалай өсуіне, кемелденуіне байланысты» деген сөздері жас ұрпақ өкілдерінің бойына айқын мақсатты болашаққа деген сенім мен отансүйгіштік сезімді жастайынан сіңіру керектігін байқатады. Бұл дегеніміз, бүгіндегі әрбір жасқа қазақтың асқақ рухты, жалын жүректі, қайсар білекті ата-бабаларының ұрпағы екендерін сөзімен де, ісімен де дәлелдейтін кез келгендігінің белгісі іспеттес. Ол үшін мектеп қабырғасында білім алып жүрген оқушыларды үлкен өмірге дайындаудан бастағанымыз абзал болар. Себебі, ертеңін ойлаған ақын-жазушыларымыздың тілінде айтар болсақ, мектеп оқушылары «тың жер тәрізді, не ексек сол шығады, әрі мол шығады». Ал, бүгінде өскелең жас ұрпаққа ең алдымен керегі ізгілік, парасаттылық және жалындаған жігер. Міне, өскелең ұрпақты жоғары рухани адамгершілік құндылықтарға негізделген қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге шақыратын «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының алар орны ерекше болмақ. Жалпы білім беретін мектептерде көкірегі ояу, көңілдері сергек оқушыларды «жасұландықтардың» қатарына қосып, оларды өмір сүру барысында азаматтық белсенділігін барынша танытуға тәрбиелеу – ұйымның басты міндеттерінің бірі болып табылады.
Осы міндетті орындауда облыстық «Жас Ұлан» жастар мен жасөспірімдер ұйымы 2014 жылдың 16-21 маусым аралығында облысымыздың «Кооператор», «Тау самалы» және «Жұрындысай» лагерлерінде «Жас ұлан: әр күні азаматтық белсенділікке толы» тақырыбы аясында көшпелі іс-сапар түріндегі ашық сабақтар ұйымдастырды. Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының әлеуметтік маңызды жобалар шеңберінде ұйымдастырылған аталмыш шара облыстық білім басқармасының қолдауымен облыс аудандарында орналасқан аудан сыртындағы сауықтыру лагерьлерінде жазғы демалысын өткізіп жүрген мектеп оқушыларымен жүргізілді. Іс-шара мақсаты: Ашық сабақ барысында жоғары сынып оқушыларының азаматтық белсенділігін таныту мүмкіндіктерін талқылау, азаматтық белсенділік туралы құрылымдық түсініктерін қалыптастыру, мектеп жастары арасында еріктілерді облыс мектептерінде дамыту, «Жас Ұлан», «Жас Қыран» Республикалық қозғалысын насихаттау. Осынау көшпелі ашық сабақ бағдарламасында балалардың азаматтық белсенділік туралы білімдерін қалыптастыру мен жетілдіру бойынша теориялық білім беріліп қана қоймай, түрлі формадағы шеберлік сыныптары, топтық жарыстар, көңілді ойындар және сергіту билері өткізілді.
Бағдарламаның бір ерекшелігі – ондағы барлық іс-шараларды ұйымдастырып және өткізуге менімен бірге облысымыздың белсенді жасұландықтары да атсалысты. Жазғы демалысын өткізіп жатқан балалар мен жасөспірімдерге облыстық «Жас Ұлан» ұйымы осынау қызықты бағдарлама арқылы бір күндік ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысты. Тіпті, іс-шара барысындағы есте қалар ұмытылмас сәттер мені де, лагердегі тәлімгерлерді де балдай тәтті балдәуренді балалық шаққа қайта оралтқандай сезімге бөледі. Ақпарат ағымы толассыз дамып жатқан қазіргі жаһандану заманында ойы мен іс-әрекеті компьютердегі ғаламтордың шырмауымен шектеліп қалған балалар мен жасөспірімдерді бір сәтке болса да нағыз салауатты өмірге, шынайы азаматтық белсенділікке шақырғандай болдық. Біз – азаматтық белсенділік танытуға жаны құмар облысымыздың барлық жас өрендерін қатарымызға қосуға әрқашан дайынбыз. Сонымен ойымызды түйіндесек, бүгінгі жасұландық жастардың азаматтық белсенділігі – ертеңгі азаматтық жетістік. Бұл еш талқыға түспейтін айшықты ақиқат деп түсінгеніміз жөн болар. Өйткені, келешегін ойлаған ел бүгіннен бастауы керек. Ал еліміздің келешегі – білімді, бәсекеге қабілетті, белсенді жас ұрпақтың еншісінде.
Мақаланы әзірлеген облыстық «Жас Ұлан» балалар
мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы
Елгембаева Ғалия Мұратқызы
Пікірлер