Елордада балалар жанашырлары жиылды
Балаларды балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының аясында тәрбиелеу – болашақ елдің мәдени және әлеуметтік дамуы жолында еңбек етер мақсатшыл жастарды негіздеу болып табылады. Бұл көптеген топтардың араласуын қажет ететін қиын кешендік жүйе.
Осы орайда, ү.ж 19-20 қазан күндері «Жас Ұлан»Бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ ұйымдастыруымен ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен балалар мен жасөспірімдер ұйымдарын дамыту мақсатында тәлімгерлер, ұстаз-ұйымдастырушылар, әдіскерлер, балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының үйлестірушілерінің біліктілігін арттыру үшін аймақтық семинар (мастер-класс және тренинг) өткен болатын. Аталмыш шараға еліміздің 8 аймағынан бас-аяғы 70-ке жуық маман қатысты. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қабырғасында өткен аталмыш шара – тәрбие саласындағы мамандарға балалар қозғалысын және білім жүйесін дамытуда жоғары тәлімгерлерді тәрбиелеу методикалық жүйесін және тәжірбиесін қолдану аясын үйретті.
Шараның ашылуында сөз алған «Жас Ұлан»ББЖҰ» РҚБ төрайымы Садвакасова Динара Тайбасарқызы балалар тәрбиесі болашақ ұлттың тәрбиесі екенін, еліміздің алтын дінгегін қалауда тәрбие саласындағы мамандардың аса маңызды рөл ойнайтындығы туралы атап көрсетті. Екі күнге созылған шара барысында қатысушылар балалар психологиясын жітік талдап, олармен тығыз қарым-қатынаста қызмет ету жолдары туралы толық ақпарат ала білді. Мұнымен қоса, түрлі сауықтыру ойындары, ситуациялық жағдайлар ұйымдастырылып, тәрбие мамандарының қиын кезеңдерде шешім қабылдай білу қабілеттерін бағалады. Болашақ зиялы ұлт тәрбиелеуде тәрбие саласының алар орыны ерекше. Ғұлама-ғалым Әл-Фараби айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы». Ендеше, бала тәрбиесінің маңызы зор екені, оны алғаш күндерден бастап жіті назарда ұстау керектігі белгілі.
«Жас Ұлан» ББЖҰ» РҚБ осы бағытта елімізде көптеген жұмыстар атқарып келеді. 2011 жылы Елбасы тапсырмасына сәйкес құрылған аталмыш ұйым бүгінде еліміздегі 1 миллионнан астап баланың басын біріктіріп отыр. Қазіргі уақытта еліміздің барлық өңірлері мен қалаларында қызмет етіп келе жатқан беделді балалар қозғалысының бірі және бірегейі.
Атқарылған және атқарылар қызметтері еліміздің баянды, өркениетті ел болу жолында маңызды қызмет етеріне сенім білдіреміз. Балалар жанашырларының ізгілікті істері – зиялы ұлт тәрбиелер деген ойдамыз.
Пікірлер