Табиғаттың тазалығы – кіршіксіз жүректен басталады
«Табиғаттың тазалығы – кіршіксіз жүректен басталады» - я, Астана қалалық саябағында өткен «ЕХРО-2017» көрмесіне орайластырылған экологиялық акцияның атауы осылай болатын. Республикалық «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен өткен аталмыш шараға қала мектептерінің оқушылары, жас ұлан ұйымының белсенділерімен ұйым көшбасшылары қатысқан болатын.
Акция барысында қатысушылар төрт топқа бөлініп, берілген тапсырмаларды орындауы міндетті болды. Берілген тапсырмалар соңында көңілді эстафета мен қызықты ойындарға ұласқан аталмыш шара жас ұландардың жүзіне күлкі үйрілтіп, зор қуаныш сыйлады. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, көңілдерінен нұр шашыраған әрбір жас ұландық шынайы шаттықтың кемеріне енген болатын.
«Көшбасшы», «Қызыл өрік», «Алоха» мен «Бемз» сынды төрт топқа бөлінген білімпаз жастар түрлі сынақтарда өз білімдерін көрсетті. Дегенмен, жүзден жүйрік, мыңнан алғыр болып, ерекше білімпаздығымен дараланған «Алоха» тобы жүлделі І орынды еншілеген болатын. Өздерінің қызықты да тәтті қылықтарымен ерекшеленген «Қызыл өрік» тобы ІІ орын еншілесе, «Бемз» бен «Көшбасшы» топтары ІІІ орынды місе тұтты. Көңілді де қызықты ойындар мен қызу бидің шырайын шығарған ұландар ойындағы жеңістен гөрі көкіректеріндегі жылу мен рухтарының асқақтағандарын сезініп, одан асқан жеңіс болмасына бек сенімді болды. Жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.
Елордамызға деген ыстық ықыластары мен шексіз махаббатырын жасыра алмаған ұландардың жүздеріндегі күлкілері еш тыйылмады. Кіршіксіз жүректердің кір шалмас саналарында тазалықтың негізі сіңген әр ұлан - болашақта табиғатымыздың әр тасымен әрбір тамшы суының қадірін ұғып, олардың тазалығы жолында аянбай еңбек етеріне сенім білдіреміз. Себебі, табиғаттың тазалығы – кіршіксіз жүректен басталады.
Аманжолов Бекарыстан
Пікірлер
Иә, естен кетпестей елеулі де керемет күн болды! Өзім де, достарым да дән риза! Бұл акцияға қатысқан әрбір оқушы шаттыққа толы шуақты көңілдерімен өз істеріне белсене кірісіп кеткен болатын. Қоқыс жинадық, тапсырмалар орындадық, би билеп, ән салдық, жарыстық, ең бастысы-жаңа достар тауып, жүректен шыққан жылы лебіздерімізді-жүзіміздегі шынайы күлкілерімізбен жеткіздік! Мінекей, осылай қаншама жүректерге қуаныш сыйлаған «Жас Ұлан» біріңғай балалар-жасөспірімдер ұйымының төрағасы БӨЛТІРІКОВА НАЗИРА БОЛАТҚЫЗЫНА, ШЫН НИЕТТЕРІМЕН ӨЗ ІСТЕРІН АДАЛ АТҚАРҒАН БАРША ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ АҒА-АПАЙЛАРЫМЫЗҒА ЖӘНЕ ДЕ БҰЛ АКЦИЯНЫҢ ОНАН ӘРІ ҚЫЗЫҚТЫ БОЛЫП ӨТУІНЕ ӨТЕ-ӨТЕ КӨП ҮЛЕСТЕРІН ҚОСҚАН КӨҢІЛДІ ЖҮРГІЗУШІЛЕР-АРАЙ МЕН БЕКАРЫСТАНҒА ДА АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ! МЫҢ АЛҒЫС, СІЗДЕРГЕ!!! Елордамызда да, еліміздің басқа өңірлерінде де осы секілді іс-шаралар көп болып, жалғасын таба берсе екен деймін!