Жасұландықтардың жұлдызды күндері
Ағымдағы жылдың қараша айының 6-сы мен 14-і аралығында Қазақстанның таңдаулы деген қырық оқушысы Украина елінде өз білімдерін шыңдап және демалып қайтты. Солардың қатарында Астана және Алматы қалаларының жетекші мектептерінің өрендері болды. Жалпы, бұл зияткерлік тележобаға қатысушыларды таңдау кезеңі 2 сатыдан тұрған болатын. Егер басында барлығы жалпы білімді анықтайтын тест жазса, одан сүрінбей өткендер ұйымдастырушылармен тікелей кездесіп, оларды өздерінің өмірлік ұстанымдарымен, өнерлерімен, ерекшеліктерімен таң қалдыруға тырысты. Осындай сұрыптаудың соңында 135 оқушыдан сапта тек қырық жас ұлан қалды. Сол кезде ешбіріміз де бұл сапардан кейін қаншалықты бір-бірімізге жақын, әрі бауырмал болып кететінімізді сезген жоқпыз. Шыны керек, оқушылардың әрқайсысы Украинадағы тамаша, әрі қайталанбас сегіз күн ішінде туысқандай болып кетті. Себебі олардың кез келгені жарқын әрі белсенді мінездерімен адамдарды өздеріне тартатыны рас.
Қысқаша айта кетсем, біз Украинаға бара салған бірінші минуттан бастап, жұлдыз іспеттес болдық. Өйткені, ұшақтан түсуге үлгерместен біздерді бейне камералар қоршай бастады. Бұл, әрине, біз үшін өте үйреншіксіз жағдай еді. Сондықтан болар алғашқы күндері бейне камерадан сескеніп, оның алдында сөйлей алмай сасып қалып жаттық. Бірақ, бірнеше күндерден кейін тіпті үйреніп те кеттік. Өзімізді жұлдыздар тәрізді сезіндік. Негізі ұйымдастырушылар Киевке барған 40 оқушыны бес топқа бөлді. Әр топқа өз маршруты сай келген еді. Мен Полтава қаласына бардым. Ол Киевтен 600 шақырым жерде, жол ұзақ болғанына қарамастан, көңілді әрі әзілқой оқушылар тобы ешбір сәтке мұңаюға берген жоқ. Жалпы Полтава қаласы өте әдемі, тыныш әрі таза қала екен. Қаланың ұлттық тағамы Галушкидан да дәм татып қайттық. Сонымен қатар сол қаланың бильярд, боулинг сияқты ойын-сауық орындарына да баруға уақыт таптық. Біздің ең басты мақсатымыз – бұл Полтаваның Ұлттық Техникалық университетімен танысу еді. Сондықтан негізгі уақытымызды соған арнадық. Маған бұл оқу орны өте қатты ұнады. Оның оқушылары да, ұстаздары да өте жайдарлы әрі білімді адамдар екені бірден көзге түсті. Небәрі 40 жылдық тарихы бар бұл университет беделі жоғары білім ордаларының біріне жатады. Осындай керемет жерлерді тамашалап болғаннан соң, 8 баладан құралған Полтава тобы Киевке қайттық. Киев қаласына оралғаннан кейін де осы елмен танысуды тоқтатқан жоқпыз. Керісінше, Андреевский спуск, Киев Печерская Лавра, коньки, кино, караоке сияқты жерлерге барып, демалуымызды жалғастырдық. Сапардың соңында бағдарламаның негізгі кезеңі түсірілді. Зияткерлік ойын онша қиын болған жоқ. Түсірілім барысы өте қызықты әрі тез өтті. Жарқ-жұрқ еткен жарық лампалар бетке жарқырап жанып тұрды, бетімізді арнайы стилистер әрлеп те қойған еді. Осының барлығы біздің жүрегімізге ерекше ұмытылмас сезімдер сыйлады. Мен осы жарысқа барып, жаңа достар мен таныстар тапқаныма қуаныштымын. Барлық барған жастар өте талантты, зияткер әрі белсенді. Ең бастысы «Жас Ұлан» ұйымына шексіз алғысымызды білдіреміз. Осындай тележоба әзірлеп, біздерді, алғашқы қарлығаштарды керемет деңгейде қарсы алғандары, шынымен, мақтауға тұрарлық.
Пікірлер