«Тау самалы» тамаша!
Тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі – жастарымыздың белсенді, озық ойлы, патриот, сауатты, салауатты болуы. Бүгінгі жастар ұрпағы үшін жерұйықты іздеген ата-бабамыздың арманын жүзеге асырушылар болып отыр. Қазақстан жас мемлекет, сондықтан да оны гүлдендіру – жастардың еншісінде. Ел Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы – барлығы жастардың қолында. Тек солар ғана болашақты құрады. Бұл өзін патриотпын деп санайтын әрбір адамға байланысты. Ал, патриот болу деген нені білдіреді? Жастар үшін, бұл - өз жерінің тарихын білу, оған құрметпен қарау және білімге ұмтылыс, жетістікке қол жеткізу.
Жастар – келешегіміздің негізі ретінде өз білімімен, жасампаз еңбегімен және күш - жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін алу қажет. Ол ХХІ ғасырда Жаңа Қазақстанның - дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі сыйлы мемлекетті қалыптастыруды белсенді жалғастыруы керек. Мінекей сондықтан да қазіргі таңда қоғам назарды алдымен жастардың, яғни балалардың белсенді,білімді әрі сауатты болып өсуін қамтамасыз етуі керек. Осы бағыт барысында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы және Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының қолдауымен, «Жамбыл облысы «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі 2013 жылдың 19 маусымында «Кооператор» ал, 21 маусымында «Тау самалы» балалар лагерінің аумағында жоғарғы сынып оқушылар арасында азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында «Азаматтық белсенділік күнде» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Сабақ барысында тақырып бойынша оқушыларға жан-жақты мағлұмат беріліп, азаматтық белсенділіктің өмірдегі маңызын ашып, таныстырылды. Оқушыларды ізденімпаздыққа, шығармашылыққа, белсенділікке баулу, өз ойын мәнерлі,тиянақты жеткізе білу дағдыларын дамыту аясында оқушылармен пікір алмасып, белсенді болуға бейімдеу үшін сабақ ойын түрінде өткізілді.
Жұмыс тек осымен тоқтап қалмай дәл осы жоғарғы сынып оқушылар арасында азаматтық белсенділікті арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Қосыл. Белсенді бол!» атты флешмоб өткізді.
Қазіргі таңдағы еліміздегі білім беру жүйесінің бірі – жас жеткіншектерді дұрыс жолда тәрбиелеу, балаларды белсенділікке баулу, патриоттық рухтың жоғары болуына және салауатты өмір салтын ұстануға үйретуге бағытталған. Осы қажеттіліктердің бірін қамтамасыз ету мақсатында өткізілген флешмобтың көздегені балаларды белсенді болуға бейімдеу әрі демалушыларға жазғы көтеріңкі көңіл-күй сыйлау. Бұл іс-шара барысында «Жас Ұлан» ұйымының көшбасшыларымен бірге балаларға бірнеше көңілді әрі жылдам орындалатын қимылдар үйретіліп, бірнеше көңілді әуендерге би биленді. Жоспардан тыс жалынды «Жас Ұландықтардан» құралған еріктілер тобы демалушылармен көптеген қызықты ойындар,тренингтер,пікір алмасулар өткізді.
Жалпы айтқанда бұл сапар тек жақсы жақтан есте қалды. Көтеріңкі көңіл күй, жылы жүзді жақсы оқушылар, көңілі кең тәлімгерлер, тамаша табиғат, таза ауа, барлық жағдай жасалған керемет демалыс орны «Жас Ұландықтардың» жадында ұзаққа дейін сақталып қалмақ. Бізге барлық іс-шараларды өткізу барысында қолдау көрсетіп,көмектескендері үшін тәлімгерлеріне шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді! Бір сөзбен айтқанда демалушыларға да және «Жас Ұландықтарға» да тамаша әсер қалдыра білген «Тау самалы» тамаша!!!
Жас Ұландық
Сайлауова Арайлым
Пікірлер
азаматтық белсенділікті арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында атқарып жатқан істеріңіз жемісін берсін!
Өте керемет,жұмыстарын алға бассын!