Бүкіл жағынан дарынды...
2012 жылдың 21 қарашасында Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығында, Жамбыл облыстық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының ұйымдастыруымен «Көшбасшылар лигасы» байқауы өтті.
Байқауға сайдың тасындай -білімді де өнерлі жасұландықтардан құралған командалар қатысты. Жамбыл облысының Шу, Меркі, Т. Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының белсенді командалары қатысты. Балалар мен жасөспірімдер ортасында белсенді азаматтық ұстанымы бар табысты адам бейнесін қалыптастыру үшін балалар қоғамдық бірлестіктерінде шығармашылық жұмыс істейтін және дарынды көшбасшыларды анықтау және қолдау мақсатында өткен бұл іс –шара «Жас Ұлан» ұйымының оқушыларына жаңа бағыт, жаңаша серпін сыйлағаны сөзсіз. «Көшбасшылар лигасы» байқауын Жамбыл облыстық «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымының төрайымы Қасымова Маржан ізгі тілектерімен ашып берді.
Байқау шарттары бойынша командаларға берілген алғашқы тапсырма «Мен және менің командам» көшбасшы визиткасы. Бұл айналымда командалар арасында оқ бойы озық шыққан Жамбыл ауданының «Шуақ» командасы әсем ән мен заманауи билерімен көпшілікті тамсандырды. Екінші айналымда жасұландықтарға әртүрлі жағдаяттар берілді, тапсырма бойынша мүдірмей шебер жауап берген оқушы - Сыдық Ұлболсын «Белсенді лидер» номинациясын жеңіп алды.
«Балалар ұйымдарының жұмысына менің қосқан үлесім» шешендік шеберлік байқауында командалар түрлі слайдтар мен қатар өз аудандарындағы «Жас Ұлан» ұйымында атқарып жүрген жұмыстарын, жеткен жетістіктерін көпшілікке ұсынды. Шешендік өнерін дамытып, лидерлікке ұмытылғыш, дарабоз жасұландықтар бұл айналымда да белсенділік танытып, білімді екендерін дәлелдей түсті.
Байқаудың қорытынды айналымы «Бақытты балалық шақ» тақырыбындағы музыкалық үй тапсырмасы. Әдемі композициялармен өрнектелген этюдтар, көріністер, қойылымдар көпшілікке ерекше көңіл – күй сыйлады. Әр айналымда командалар:ұйымдастырушылық қабілеті, шешендік шеберлігі, өзін-өзі ұстауы, әдептілігі, жаңашылдығы, ұқыптылығы, шығармашылық қабілеті, сахналық мәдениетімен бағаланды.
Байқаудың қорытындысы бойынша І орынды Жамбыл ауданы, «Шуақ» командасы, ІІ орынды Қордай ауданы, «Болашақ» командасы, ІІІ орынды Тараз қаласы, «Болашақ» тобы жеңіп алды.«Ұйымшыл команда» номинациясы бойынша Шу ауданы, «Ерекше команда» аталымы бойынша Т.Рысқұлов ауданы, «Креативті команда» аталымы бойынша дарынды ер –балаларға арналған қазақ –түрік мектеп – интернатының «Қыран» тобы, «Интеллектуалды» команда номинациясы бойынша Байзақ ауданы «Дарын» тобы, «Шығармашыл команда» номинациясы бойынша Меркі ауданы «Думан» тобы алғыс хаттармен марапатталды. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген Үйсенбай Сания, Қуанышева Айгерім, Серікова Зарина, Сыдық Ұлболсын, Нұрсейітова Эльмира, Қосақов Марлен сынды белсенді оқушылар алғыс хаттармен марапатталды.
Комментарии