«Құқығым бар» атты балаларға арналған семинар-тренинг өтті
Бүгіндері құқықтық мемлекет құрамыз деген заманда әрбір адамның өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Сондықтанда заңды білу - заман талабы.
«Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚБ жас жеткіншектердің өз құқықтары мен міндеттерін жете біліп, заң саласында сауатты болып өсуін қамтамасыз ету мақсатында шілденің 26-28 күндері «Құқығым бар» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Аталған шара ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранты аясында ұйымдастырылды.
Іс-шара Астана қаласының «Бейбітшілік және келісім сарайының» конференц-залында өтті. 13-17 жас аралығындағы 30 оқушы қатысты. Аталмыш шараға ұйымның белсенді оқушылары және әлеуметтік желілер арқылы тіркелген балалар қатысты.
Семинар барысында қатысушыларға келесі бағдарлама ұсынылды:
26 шілде күні «Бақытты бала» Республикалық қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Зауреш Мукановна Балапанова «Сен және сенің құқығың», «Бала құқықтары туралы Конвенцияның ережелері» тақырыбында тренинг жүргізді.
27 шілде күні "Балалар мен жасөспірімдерді құқықтық ағарту» тақырыбында жас дебатер, "Астана жастары" КММ маманы Бекарыстан Аманжолов өз білімімен бөлісті.
28 шілдеде ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жанындағы «Бала құқықтары және халықаралық ынтымақтастық басқармасының» басшысы Ысқақ Қашқынбайұлы Құлатай балаларды комитеттің жұмысымен таныстырып,Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы ақпарат берді.
Семинар-тренинг барысында балалардың құқықтық білім деңгейін бақылау мақсатында алғашқы және соңғы күндері 10 сұрақтан тұратын тест алынды. Алғашқы күні ең жоғарғы көрсеткіш 6 дұрыс жауап болса, соңғы күнгі көрсеткіш 10 дұрыс жауапқа дейін көтерілді.
Үш күн ішінде балалардың білім деңгейінің көтерілуі мен қатар, белсенділік танытқандары ұйымдастырушылардың көңілінен шықты. Іс-шара Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жастар ұйымдарымен байланыс басқармасының басшысы Бағлан Абдимова және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» төрағасының орынбасары Гүлнар Уралованың сертификаттар табыстауымен аяқталды.
Пікірлер