Айсәуле ӘБІЛДА. "Mamma mia"
КТК арнасында «Mamma Mia» атты отбасылық сазды реалити-шоу көрсетіліп жатыр. Латын Америкасындағы «Квенсенера» шоуының орталық Азиядағы теңдессіз көшірмесі, кешіріңіз баламасы. Жұлдыз ана мен жұлдыз қыз туралы шоу еді бұл...
КТК арнасында «Mamma Mia» атты отбасылық сазды реалити-шоу көрсетіліп жатыр. Латын Америкасындағы «Квенсенера» шоуының орталық Азиядағы теңдессіз көшірмесі, кешіріңіз баламасы. Жұлдыз ана мен жұлдыз қыз туралы шоу еді бұл...
Мамасы несі? Миясы несі?
Өзіме түсініксіз сөздердің мағынасын іздейтін әдетім бойынша Mamma Mia-ның аудармасын іздедім. Бұл сөзді қазақшалағанда шығар мағынасы - «анам ұшты-күйлі жоғалып кетті». Келісерсіз, аса тамаша тіркес емес...
Мәселе атта емес, затта десеңіз, онда тұңғыш сазды реалити-шоу 14-16 жас аралығындағы қыздар мен олардың шешелерін жұлдыз қылады. 10 жұптан жеңіп шыққанына 3 000 000 теңге бермекші.
Оны азырқансаңыз, жеңімпаз «мамаша» әлгі каналдың бір сериалына тегін түседі. Бір отбасының миллиондарға қарық болғанын қызғанып отырған біз жоқ, бар түйткіл сол мазмұн мен тәрбиеде болып тұр емес пе?
Ток-шоудың алтын ғасыры
Қыздардың кастингке келгендегі түрлері мен кейінгі кескіндерін салыстыра алмайсың. Шешелерін қойшы, көрерін көргендер ғой, ана балаларын айтсаңызшы... Қалт-құлт етіп тұрған өтпелі кезеңінде бетіне 5 тонна (көп болмаса, аз емес) бояу жағып, белдемшелерін тыртитып, бұттарын ашқызып, елдің алдына шығару «ток-шоудың алтын ғасыры» болса да, қазаққа жараспайтын қылық.
Билесін, ән айтсын, көңіл көтерсін, танымал болсын, біз адамның конституциялық құқығына қол сұғудан аулақпыз, бірақ мораль, этика, тәрбие, құндылық деген дүниелер барын да естен шығармауға тырысуымыз керек. Мына заманда мүмкін емес дерсіз, бірақ тырысу дегенді тырсиған киім кию деп түсінбеу керек.
Тіпті, Ата заңымыздың 39-шы бабында «Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін» екені жазылған. Қысқасы, шоу үлбіреген беттің әрін, әсірелеп айтқанда арын ұрлап жатыр.
Бәйгеге түскен (балтырлар) батырлар...
Мысалы, сол мега-жобаның қатысушысы Талшагүл Мадьярова - бұрынғы прокуратура қызметкері. Қазір заңгер. Қызы үшін қызметтік кәстөмін қызылды-жасылды, ашық-шашық әртіс көйлекке айырбастады.
Гүлназ Алпысбаева - әскери қызметкер. Күйеуі осы шоуға қатыспасаң болмайды деп қыштапты, ақыры 3 баласына өзі қарап қалыпты. Елбасымыз еңбек адамы туралы екі күннің бірінде айтып жатқанда, біздің аналар бар жұмысын қойып, мәнсіз той тойлап жатыр.
Тағы бір ана Гаухар Нұрғалиева - стилист. Кейбір аналарды қызы қинап әкелсе, бұл кісі қызын сүйреп әкеліпті. Білдей лицейдің президенті болған, химия пәнінен олимпиада жеңімпазы атанған 10-сынып оқушысын азар да безер боп қатысуға көндіріпті.
Сонда бұл оқушы қыздар ҰБТ-ға қашан дайындалады? Тестіге тістеніп жататын уақытта жартылай жалаңаш қалпында сахнаға шығады. Ақылға сыймайды...
«Mamma Mia-ның» соңғы көрсетілімінде қатысушы қыз қара капрон киіп, белдемшені жоғарырақ көтеріп алып, ағылшынша азуын қайшылап жатқан... Сол сәтте кадрдан тыс жүргізуші «Түгенше Түгенше. Жамбыл облысынан келген оқушы. Ол бұл сайыста өзінің қазақы ұяңдығын жеңе білді, сахнада еркін жүріп, өз өнерін паш етті» дегендей мәтін оқыды. Жеңілген ұяңдық...Жеңген не сонда?
Бұл бағдарламаның продюсері Баян Есентаева «Біз анасы мен қызы арасындағы байланыстың нығаюына әсер етеміз», - деп әңгіме соғады. Бірақ, материал басында бұл шоудың оригинал емес, "Telemundo" компаниясының «15 жасарлар» атты американдық телеарнадағы төл жобасы екенін айттық.
Кейін MTV «16 жасарлар» деп АҚШ-та, сосын Ұлыбританияда шығара бастады. 2010 жылдан бастап британдық жобаға әлемнің әр түкпірінен қыздар шақырыла бастады. Халықаралық додаға айналды. Бәлкім, Баян тәтемнің де бір ойы сол болар...
Бұлай дегенім, әлемдік модель бизнесінде әсіресе 14-16 жас аралығындағы қыздар кең сұранысқа ие. Өйткені, олар нағыз «свежий» бикештер. Терілері жібектей нәзік әрі теп-тегіс боп тұрған кез. Беттерін опа-далаптап, аяғына биік өкше кигізсе, нағыз ару болып шыға келеді. Демек, бұл шоу да әлемдік модель конвейерінің тізбегі болуы ғажап емес.
Салт-дәстүрдің «фанаты»
Айтпақшы, бұл думанды жүргізетін 3 баланың әкесі Нұрлан Албан мырза мен Баянның «жұлдызды» қызы Айсәуле Бахытбек. Нұрлан мырза халық әндерін айттып, бір топ әжені кимешегін кигізіп тұрып, сахнаға алып шығып жүргеніне ішім жылып қалып еді...
Енді өзінің баласымен жасты қыздардың шүберексіз сирақтарын жарнамалайтын шоуды жүргізгені ыңғайсыздау емес пе екен? Ал «әдемі түсірсе, журнал үшін шешінуге дайын» ананың пысық қызы Айсәулеге ештеңе дей алмаймыз. Өйткені, анасын қарап қызын танитын қазақпыз ғой...
0
Мне нравится:
13.10.2013, 13:07
Предыдущие 6 комментариев